40 Диалогтар: (12-күн)

Ерте жастан ғылымға баулу

Ернар: Алло, Динара, сәлем!

Динара: О, сәлем, Ернар! Қалың қалай?

Ернар: Менде бәрі керемет. Өзің қалайсың?

Динара: Жақсы, рақмет. Сөйлеспегелі көп болды… Қалаға қашан келдің?

Ернар: Кеше пойыздан түстім. Кездесейік пе?

Динара: Иә, кездесейік! Маған сенің көмегің қажет.

Ернар: Бір ауыз сөзің ғой. Айтсаң болды. Не істеу керек?

Динара: Інілерім мен сіңлілерім роботехникаға қызығып жүр. Робототехника туралы кітаптарды іздеп жүрмін. Қай дүкенде сатылады? Білесің бе?

Ернар: Интернеттен қарайық. Дүкендердің сайттарынан іздейік. Ал ертең қаладағы кітап дүкендерін аралайық. Қалай қарайсың?

Динара: Иә, солай істейік! Рақмет!

Ернар: Келістік, ендеше!

***

Жасампаз жандар кітап оқиды

Динара: Ернар, кітаптарды сатып алдым. Сенің арқаңда бір емес, екі емес, төрт кітап алдым!

Үнсіздік

Динара: Ернар?

Ернар: Қара, мен де өзіме екі кітап таптым. Біреуін ғана таңдауым керек. Сенің ойыңша, қайсысын алғаным дұрыс? Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысын» алайын ба? Әлде Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революциясын» алайын ба?

Динара: Екеуін де алсаң қайтеді?

Ернар: Екі кітапты бірдей оқи алмаймын. Алдымен бір кітапты аяқтаймын. Содан кейін екінші кітапқа көшемін.

Динара: Енді мен де сөйтемін.

Ернар: Сонымен, қайсысы?

Динара: Швабты ал.

Ернар: Неліктен?

Динара: Онсыз да жасампаз адамсың. Ол кітап күте тұрар.

Ернар: Мен де күте тұрармын! (күледі)

***

Кітап – ең жақсы сыйлық

(Есікті тоқылдатады)

Динара: Сәлем, Ернар!

Ернар: О, Динара, сәлем!

Динара: Мазалаған жоқпын ба? Ескертусіз келіп тұрмын. Мынау саған!

Ернар: Бұл не? (Қағаздың сықыры естіледі). Стивен Кови! Әуре болдың ғой… «Швабты» кеше бітірдім..

Динара: Сен болмасаң, роботехника туралы кітаптарды таппас едім. Бауырларым өте қуанды. Сол үшін алғысымды білдіремін.

 

License

Icon for the Creative Commons Attribution-NonCommercial-NoDerivatives 4.0 International License

LEARN ACADEMIC KAZAKH Copyright © 2023 by FUNDA GUVEN is licensed under a Creative Commons Attribution-NonCommercial-NoDerivatives 4.0 International License, except where otherwise noted.

Share This Book