32 Мәтіндер (11-күн)

1. КІТАП ОҚУ ӘДЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ…

Ең алдымен, оқылуы тиіс кітаптардың тізімін жасағаныңыз жөн. Жақын уақыт аралығында оқылуы керек деген кітаптарды таңдаңыз. Әрине кітап оқу әдеті бұрын-соңды қалыптаспағандықтан, мұны жүзеге асыру қиынға соғады. Өзіңізді үнемі кітап оқуға дағдыландырыңыз. Бір кітапты оқыған соң араға үш ай уақыт үзіліс салсаңыз, аталған іске қайта кірісу қиынға соғады.

Болашағыңыз туралы ойлаңыз. Өзімізді дамытуға күніне 1 сағат уақыт арнау арқылы үлкен мүмкіндіктердің есігін ашамыз. Мұнымен қатар, кітап оқудың жүйке жүйесін тынышталдырып, күйзелісті оңай өткеруге көмектесетіні анықталған. Өзіңізді қинамаңыз. Егер роман желісі қызықтырмай, артынша жалықтырып жіберсе, бұл кітапты ары қарай оқымағаныңыз жөн. Алайда бірнеше кітапты қатар оқуға асықпаңыз. Кітап оқу әдетін үйдегі әпке, бауырларыңызбен немесе достарыңызбен бірге қалыптастырып көріңіз. Алайда кітап оқуды жарысқа айналдырудың қажеті жоқ. Сіздің ақыл-парасат деңгейіңіз оқыған кітаптарыңыздың санына емес, қаншасын түсіне алғаныңызға байланысты.

To read more, visit the link.

Тұжырымның “дұрыс”, “бұрыс” немесе “мәтінде айтылмаған” екендігін көрсетіңіз.

2. КІТАПТАН ҒАЛАМТОР ОЗДЫ МА?

Софы Сматаев, жазушы:

– Кітап біз үшін әрі білім, әрі ғылым, әрі өнер, әрі мә­дениет, әрі әдебиет. Ал интернет жағына келетін болсам, ол да заман қа­жеттілігі, өте керек нәрсе. Кітап оқып отырғанда адам сондағы кейіпкермен ара­ласып, өзінің ойымен, шарықтау сезімімен танысып, та­бысып отырады. Адамның қиялы шарықтайды, фантазиясы кеңейеді. Ал ғаламтор ондай мүмкіншілікке жетеле­месі анық. Адамның ойын тежеп тастайды.

Өркен Кенжебек, журналист, блогер:

– Кітаптан алынған білім тыңғы­лықты, тиянақты сіңеді, ғаламтор өте ауқымды дүние болғандықтан, одан білім теру үшін біраз уақытты ысырап етуге тура келеді. Расында, ғаламтордан алынған білім әр жерден жұлмаланып, дәйексіз түрде алынғандықтан, аса бір тұрақтылығы жоқ деп ойлаймын.

Владимир Стеблянко, Психологтар қауымдастығының президенті:

– Ғаламторды орынды қол­дан­саң зиянды емес, қайта пайдалы. Өйткені одан қажет оқулығыңның бар­лығын табу­ға мүмкіндік бар, ал кітапханада олай емес. Негізі кітап пен ғаламтор кереғар емес, қайта бірін-бірі толықтыру­шы.

To read more, visit the link.

3. ҚАЗІРГІ ЖАСТАР АРАСЫНДА КІТАП ОҚУ АКТУАЛДЫ МА?

Интернет жаулаған ХХI заманда кітапқа деген сұраныс расымен түсіп кетті ме? «Қазіргі жастар кітап оқудан қалды» деген негізсіз қалыптасқан принцип үлкен буын қатарынан жиі естілуде. Алайда, кей деректер мен зерттеулер бұл тезисті жоққа шығарады. Жастар арасында кітапқа деген сұраныс пен қызығушылық күн санап артып жатыр. Кітапхана мен кітап сататын дүкендердің қызметкерлері ересектер мен балалардың кітап оқуға деген көзқарастары жағымды түрде өсіп жатқанын айтады. Фэнтези, бестселлер және психологиялық жанрдағы кітаптар сұраныста екенін жеткізді.

    Қоғам арасында кітап жазу да белсенді дамып келе жатыр. Солардың ішінде Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам», Қуаныш Шонбайдың «Q п Я» кітаптары үлкен оқырмандық сұранысқа ие. «Жақсы кітап — ақылды адамның әңгімесімен бірдей» –  деген Лев Толстой, жақсы ойлай алатын адамның ой санасы кітап авторының түйсігімен теңбе-тең екендігін айтып кеткен болу керек. Көрінген кітапты оқи берген жарамайды, көңілде туған сауалдарға жауап бере алатын кітаптарды оқыған абзал.

To read more, visit the link.

4. КІТАП ОҚУ – БАСҚА, ТАҢДАП ОҚУ – БІР БАСҚА

Кітап оқымаған адам үшін бірінші кезекте көлемді романдардан оқыған дұрыс емес. Бұрын-соңды кітап оқымаған болсаңыз, ешқашан ауыр романдардан бастамаңыз. Кітап оқуды қысқа әңгіме оқудан бастау керек. Ондай әңгімелердің тілі де түсінікті болады. Кез-келген іс 21 күннен кейін әдетке айналады. Адам күнде бірнеше сөйлем болсын оқыса, бұл біртіндеп әдетке айналары сөзсіз. Кітап оқуға деген сүйіспеншілік осындайдан басталады.

Бірақ, сан алуан кітаптың арасынан өзіне керегін таңдай білу де қиын. Бұл да үлкен білімді қажет етеді. Кітап оқу – бір басқа, таңдап-талғап оқу – бір басқа. Мұндайда адам өзіне жақын жанрдағы кітаптарға мән беруі керек. Бұл үшін кез келген оқырман өз қызығушылығын оятатын жанрларды анықтап алуы қажет. Кітап таңдауда әлеуметтік желілердегі посттардың да көмегі тиеді.

To read more, visit the link.

 

definition

License

Icon for the Creative Commons Attribution-NonCommercial-NoDerivatives 4.0 International License

LEARN ACADEMIC KAZAKH Copyright © 2023 by FUNDA GUVEN is licensed under a Creative Commons Attribution-NonCommercial-NoDerivatives 4.0 International License, except where otherwise noted.

Share This Book