111 Диалогтар: (19-күн)
Қаптама алдамшы ма?
Ержан: Сәлем, достар! Менің есімім – Ержан. YouTube арнама қош келдіңіздер! Бүгінгі қонағымыз – Мақпал, медицина факультетінің студенті. Бізге тамақ өнімдерінің құрамын түсіндіреді. Алдымен, мына сұраққа жауап берсеңіз, Мақпал. Қаптамалардың сыртын оқу не үшін қажет?
Мақпал: Біріншіден, арнаңа қонақ болғаным үшін қуаныштымын. Көп кісі қаптамалардың сыртындағы сөздерге назар аудармайды. Алайда қаптамалардың сыртында көп ақпарат табуға болады. Мысалы, “көмірсулар”, “ақуыздар”, “калориялар” туралы жазылады.
Ержан: Мен де қаптамалардағы жазуды үнемі оқи бермеймін. Оқығанда калориядан басқа нәрсені түсінбеймін.
Мақпал: Иә, статистика бойынша, көп тұтынушы тағамның құрамына мән бермейді. Оқығанда да бәрін түсінбеуі мүмкін. Өнімдерді сатып алғанда құрамына қарап, пайдалысын таңдай білу керек.
***
Тамақтану мен шыдамдылық
Анар: Әкетай, кеше қызық бір сұхбат көрдім. Сол видеодан кейін тамақтануға енді басқаша қарай бастадым. Бұдан кейін картоп чипстері мен газды сусындардан аулақ жүремін.
Әкесі: Неге?
Анар: Өйткені олар денсаулыққа зиян.
Әкесі: Ал ол тағамдардың дәмі саған ұнай ма?
Анар: Әрине, ұнайды. Сонда да енді жемеймін.
Әкесі: Видеодағы дәрігер неге зиян деді?
Анар: Картоп чипстері дұрыс дайындалмайды. Олар майға көп қуырылады. Қуырылған тамақты көп жеу – денсаулыққа зиян.
Әкесі: Бір күні шыдамай картоп чипстерін әдеттегіден көбірек жеп қоюың мүмкін. Сонда өзіңді кінәлама. Жақсы нәрсеге әдеттен. Адам әдеттерін оңайлықпен өзгерте алмайды. Оған уақыт керек.
Анар: Әке, сіз майлы тағамдардан қалай бас тарттыңыз? Сізге қиын болған жоқ па?
Әкесі: Қиын болса да, денсаулық үшін, ұзақ өмір сүру үшін майлы тамақтардан бас тарту керек.
***
Салауатты өмір салты мен әдеттер
Әкесі: Ертең күні бойы үйде не істейсің, қызым?
Анар: Дұрыс тамақтану туралы айтқан едім ғой. Жаңа, пайдалы тағамдарды дайындап көремін.
Әкесі: Тағы айтайын дегенім: жаңа әдетті қалыптастыру үшін жиырма бір күн керек. Әдетті бірден өзгерту оңай болмас. Сондықтан дұрыс тамақтануды бірте-бірте әдетке айналдырасың.
Анар: Әрине, мен сол үшін ертең майонезсіз салат түрлерін дайындап көремін.