151 Диалогтар (26-күн)
Ауаның ластануы
Раушан: Сәлем, Фархат! Қалың қалай? Неге маска тағып алғансың?
Фархат: Сәлем! Аздап ауырып жүрмін. Аллергиям мазалап жүр.
Раушан: Қандай аллергияң бар? Қазір өсімдіктер гүлдеп жатқан жоқ қой?!
Фархат: Менің аллергиям өсімдіктермен байланысты емес. Қаладағы ауаның ластануына байланысты пайда болды. Дәрігерлер басқа жаққа көшу керек дейді.
Раушан: Сонда қайда көшу керек дейді?
Фархат: Ауасы таза, көліктер аз, ауаны ластайтын өнеркәсіптер жоқ жерге көшу керек дейді.
Раушан: Ондай жерді қайдан табамыз?
Фархат: Ауылға немесе таулы аймақтарға шығар. Ең бастысы ауасы таза болуы керек.
Раушан: Иә, қазір қалаларда көліктер өте көп. Ауаны ластайтын өнеркәсіптер де аз емес. Соның бәрі ауаның ластануына әкеледі.
Фархат: Әлем елдерінде ауаны ластамайтын электромобильдерге сұраныс өсіпті. Адамдар көбірек велосипед және қоғамдық көліктерді пайдалана бастады.
Раушан: Біздің қоғамымызға да осындай өзгерістер керек. Сонда ауаның ластануы азаятын еді.