59 Диалогтар: (10-күн)
Тіл және мәдениет
Тоғжан: Кешіріңіз, сұрауға бола ма?
Карина: Иә, сұрай беріңіз.
Тоғжан: Полиглоттармен кездесу әлі болып жатыр ма?
Карина: Жоқ, кездесу ертең болады. Осы уақытта, яғни сағат бесте.
Тоғжан: Ааа, рақмет! Мен апта күндерін шатастырыппын. Сіз осында жұмыс істейсіз бе?
Карина: Иә, кітапханашы болып жұмыс істеймін.
Тоғжан: Осындай кездесулер кітапханада жиі өте ме?
Карина: Иә, апта сайын өтеді. Бір апта бұрын жас жазушылармен семинар өтті.
Тоғжан: ааа, енді білетін болдым. Бұл туралы ақпаратты қайдан табамын?
Карина: Кітапхананың мәдени бағдарламасы сайтта үш тілде көрсетілген.
Тоғжан: Келесі кездесудің тақырыбы не?
Карина: Көп тіл білудің пайдасы. Келіңіз, күтеміз.
Тоғжан: Рақмет, сау болыңыз.
***
Еңбек етуге тұрарлық
Карина: Тоғжан, кездесу қалай өтті?
Тоғжан: Маған ұнады. Полиглоттар өз тәжірибелерімен бөлісті. Ұқсас тілдерді үйрену оңай екен.
Карина: Иә, дұрыс айтасың. Мысалы, түрік тілін білсең, әзербайжан тілін де тез үйренесің. Немесе қазақ тілін білетіндерге қырғыз, ноғай, татар тілдерін үйрену оңай.
Тоғжан: Менің анашым түрік сериалдарын көреді. Біраз түрікше үйреніп алды. Былтыр Түркияға барғанда түрікше сөйлесті.
Карина: Менің татар досым бар. Екеуіміз татарша ән тыңдаймыз. Маған сөздері түсінікті.
Тоғжан: Тілдерді үйрену үшін ғаламтордан көп материал табуға болады. Фильмдер, сабақтар, аудио тыңдалымдар, семинарлар, мақалалар, ойындар деген сияқты.
Карина: Білемін, әлеуметтік желілер де пайдалы. Мысалы, мен инстаграмда тіл марафонына қатыстым. 30 күн түрікше сөйлесіп жаттықтық. Қазір менің түрікшем орта деңгейде.